«Кәсіподақтар күні» мерекесіне орай ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Арыс қаласына арнайы келіп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің кеудесіне төсбелгі тақты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Халықтың қамы үшін сіңірген еңбегіңіз ерен. Оны бүкіл халық біліп отыр. Арыстағы апат орын алғанда 50 мың халықты қауіпсіз жерге көшіріп, қаңырап қалған тұтас бір қаланы аяққа тұрғызу қыруар іс. Сіз сын сағатта сабыр сақтап, ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіз. Бүкіл халық бір адамдай жұмылып, еңбек етті. Еліңіздің алдында абыройыңыз асқақтай берсін», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан бірқатар азаматтар ҚР Премьер-Министрінің және Республикалық Кәсіподақтар федерациясының «Алғыс хатымен», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Олардың тізімінде Арыс қаласы әскери бөлімінің цех технигі, кәсіподақ мүшелері, құрылысшылар мен вагон пайдалану депосының өкілі бар. Жиын Түркістан облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы арасында әлеуметтік әріптестік меморандумына қол қою рәсіміне жалғасты. Кәсіподаққа сенім артқан азаматтардың жалпы саны бойынша Түркістан облысы еліміз бойынша көш бастап тұр.