04 мау, 2022 сағат 16:37

ШҚО полицейлері марихуана өндіретін есірткі зертханасын жойды


"Қарасора – 2022" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысының полицейлері Өскемен қаласындағы пәтерлердің бірінде орналасқан марихуана өндіру есірткі зертханасын жойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғаушыларға есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар 26 жастағы ер адамға қатысты жедел ақпарат түскен. Дереу іске кіріскен полиция қызметкерлері ұйымдастырылған "есірткі плантациясын" және кептіріліп дайын тұрған марихуанасы бар бірнеше пакет, сондай-ақ, оны қолдануға арналған басқа да құрылғыларды тапты.

Ұсталған азаматтың айтуынша, ол қажетті жабдықтарды ғаламтор арқылы ТМД елдерінің сатушыларынан сатып алған.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабының 1-бөлігі (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның санкциясында 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.