ШҚО мәслихаты хатшысының қос азаматтығы туралы дерек тексеріліп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы В.М. Головатюкте Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының қос азаматтығы бар болуы туралы қазақстандық Интернет-ресурстарда орналастырылған ақпарат бойынша 2017 жылдың 25 қаңтарында облыс әкімдігінде өңірдің құқық қорғау органдарының қатысуымен кеңес өтіп, онда аталмыш мәселе бойынша бұрынғы жұмыс туралы ақпарат тыңдалды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, кеңестің қорытындысы бойынша көрсетілген фактілерді тексеруді жалғастыру туралы шешім қабылданғаны айтылады.
Еске салайық, осыған дейін БАҚ-тарда Владимир Головатюктің Ресейдің және Қазақстанның азаматтығы бар екендігі жайлы мәлімет тараған болатын. Сол мәлімет бойынша, Головатюк Владимир Михайлович деген азамат 1998 жылдың 12 тамызында Ресей Федерациясының "Азаматтық туралы" заңының 3-бабының тәртібінде Ресейдің Астанадағы елшілігінің консулдығында Ресей азаматтығын алған делінеді.
Ал, Республика Конституциясының 10-бабының 3-тармағында "Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды" делінген.