06 сәу, 2022 сағат 19:28

ШҚО экологтары руда тиелген вагондар құлаған өзен суына зерттеу жүргізді


Шығыс Қазақстан облысының экологтары руда мен шлаг тиелген бірнеше вагон құлап кеткен өзен суынан сынама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

3 сәуір күні сағат 12.04-те Өскемен-Күмістау теміржол учаскесінде жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып кеткен. 

Оның алтауы Ертіс өзеніне құлады. Бес вагонда шлак, біреуінде руда тиелген. 

Аталған факті бойынша ШҚО Экология департаментінің мамандары оқиға орнына барып, Ертіс өзенінің жоғары және төменгі ағысынан су сынамаларын алды. 

«Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, сынамада мырыштың рұқсат етілген шекті концентрациясының 1,3 есе артқаны анықталды. Өзеннің төменгі ағысынан алынған сынамада мыс концентрациясының 1,5 есе, жоғары ағысында 1,3 есе өскені байқалып отыр. Енді апта сайын Ертіс өзенінің суына мониторинг жүргізілетін болады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

ШҚО бойынша көлік прокуратурасының талабы бойынша «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның Семей бөлімшесіне қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша апаттың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар белгіленеді.