Глубокое ауданындағы тасқынның салдарын жоюға Ұлттық ұланның 60 сарбазы жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шығыстағы тасқынмен күреске Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан жасақтары да белсенді атсалысуда.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөліміне қарасты жедел мақсаттағы батальоны көктемгі тасқын салдарын жоюға тас-түйін дайындықпен кірісті. Бұған дейін сарбаздар бекініс құрал-саймандарын арқалап, Өскемендегі тасқынмен күреске атсалысқан болатын» - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы штаб бастығының төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары Бауыржан Біләлов.
Қазіргі таңда Ұлттық ұлан сарбаздары Глубокое ауданының тұрғындарына көмектесіп жүр. Олардың күшімен Прогрес, Предгорное ауылдарынан және Белоусовка кентінен 10 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді.
«Біздің сарбаздар құтқарған 21 адамның ішінде 6 бала, 1 жарымжан адам болды. Сарбаздар өзге де қызметтермен бірге таң атқаннан түн ортасына дейін дамылсыз қимылдауда. Тасыған судың беті қайтып, жағдай тұрақталғанша халықпен бірге боламыз» - дейді Бауыржан Біләлов.
Ұлттық ұлан жасақтары арықтарды аршып, бөгет үйіп қана қоймай, ауыз сусыз қалған үйлерге су тасып беріп жүр. Дүкенге бару мүмкін болмай қалған үйлер азық-түлік алғызу үшін де сарбаздардың көмегіне жүгінуде.
Бауыржан Біләловтың айтуынша, Ұлттық ұлан өкілдері әр елді мекенде 200 метрден астам арық қазып, жүздеген қап инертті материал төсеп, төтенше жағдай қызметінің жұмысын жеңілдетуде.