27 ақп, 2020 сағат 09:40

ШҚО-дағы автобус апаты: Оқушылар республикалық чемпионатқа бара жатқан

Шығыс Қазақстан облысында автобус пен жүк көлігі соқтығысқан жол апатының жай-жапсары белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, балалар Шемонаиха ауданында өтіп жатқан Балалар және жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатына қатысу үшін жолға шыққан. Салонда Орал қаласынан 12 және ШҚО-дан 28 спортшы болған. Олар - спорттық бағдарлау бойынша жарысқа қатысушылар.

«Шығысқазақстандық үш бала ауруханаға жеткізілді. Бірақ олардан бас-ми жарақаты анықталмады. Басы ауырып тұрғанын айтқан 4 оралдық спортшы да медициналық мекемеге жеткізілді. Кішігірім жарақат алған спортшылар ауруханаға барудан бас тартты. Сондай-ақ олармен бірге болған мемлекеттік жаттықтырушы аяғы сынған деген күдікпен ауруханаға жеткізілді» делінген мәліметте.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Шығыс Қазақстан облысында балалар отырған автобус жол апатына ұшырады. ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық көлікте 53 жолаушы отырған, соның 46-сы - бала. Оның ішінде 8 бала жарақат алған болатын.