20 шіл, 2022 сағат 20:27

ШҚО-да жылқыны соққан көлік жүргізушісі қаза тауып, 4 жолаушы жарақат алды


Шығыс Қазақстан облысында жылқыға соғылған көлік жүргізушісі көз жұмып, 4 жолаушы жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 20 шілде күні таңғы сағат 04.20-да республикалық маңызы бар Омбы-Майқапшағай тасжолының Жарма ауданындағы тұсында болған. 

- «Tоyota Crown» автокөлігінің 21 жастағы жүргізушісі үш жылқыға соғылған. Соның салдарынан жүргізуші оқиға орнында қайтыс болды. Ал төрт жолаушы, атап айтқанда 48 және 25 жастағы екі әйел, 25 жастағы ер адам мен 1 жасар бала түрлі деңгейдегі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді, - делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалып, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.