Көкпекті ауданының Самар ауылында құтқарушылар жағалауға жақын маңда тұратын тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Су деңгейінің көтерілуі тасқын қаупін туындатты. Құтқарушылар Самардың жағалау маңындағы тұрғындарын көшіріп жатыр. Көкпекті аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының сөзіне қарағанда, шамамен 90 үйдің 200 тұрғынын эвакуациялау қажет. Алайда тұрғындардың басым көпшілігі бұдан бас тартып отыр.
Тұрғындар мектеп және Аграрлық колледж базасындағы екі эвакуация бекетіне орналастырылады.
«Өскемен-Самар» автожолының 132-километрінде еріген қар суы тасып, 50 метрдей жерді басқан.
ТЖД, жергілікті билік және полиция оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, синоптиктер ШҚО-да алдағы күндері күн жылы болатындығын, жауын-шашынға байланысты су деңгейінің көтерілу қаупі бар екенін ескертеді.
ШҚО ТЖД дағдарыс орталығында жедел штаб, сондай-ақ шұғыл желінің 55-38-19 нөмірі жұмыс істеп тұр.