06 ақп, 2020 сағат 13:15

ШҚО-да су тасқыны жүруі мүмкін 108 елді мекен анықталды

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыстың тау өзендеріндегі қар мөлшері орташа жылдық нормадан 20-50%-ға жоғары. Сондай-ақ Шемонаиха, Шар қалаларында және Шалабай, Семиярка, Дмитриевка, Катонқарағай, Көкпекті, Самар ауылдарында қар жамылғысындағы ылғал қоры нормадан 1,5-2 есеге артық.

Қазірде облыстың 3 қаласы мен 15 ауданында су тасқыны жүруі мүмкін 108 елді мекен бар. Алдын алу шараларының нәтижесінде 26-сында тасқын қаупі жойылса, 52-сінде барынша азайтылды. 30 елді мекенде су тасқыны ауа райы нашарлаған жағдайда ғана болуы мүмкін.

«Бүгінгі таңда облыста 246,7 мың текше метр қар шығарылды. Тұрғын үйлерді еріген судан қорғау үшін ыдыс-қап пен инертті материалдар дайындалған. Жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп, 118 шақырым арық тазартылды», - делінген ведомство мәліметінде.