28 жел, 2018 сағат 10:18

ШҚО-да оңтүстіктен қоныс аударған отбасыларға пәтер берілді

Бүгін Шығыс Қазақстанның Шемонаиха қаласында оңтүстік өңірлерден қоныс аударған отбасылар баспаналы болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сондай-ақ Риддер қаласында талайдан бері кезекте тұрған  120 отбасы қоныс тойын тойлады. 60 пәтерлік қос үйдің құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Шығысстройиндустрия» компаниясы нысанды межелі мерзімде кешіктірмей тапсырып отыр. 

«Биыл Риддер қаласы бойынша 9436 шаршы метр баспана берілді. Бұл соңғы 30 жылда болмаған көрсеткіш. Бүгін бір бөлмелі   40 пәтер, екі бөлмелі 70 пәтер, үш бөлмелі 10 пәтер табыстадық» - дейді аудан әкімінің орынбасары Евгения Нужных.

Ал Шемонаихада 60 отбасы Жаңа жылды жаңа баспанамен  қарсы алатын болды. Олардың барлығы 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Шемонаиха ауданына көшіп келген жанұялар. 60 пәтерлі үйдің құрылысы мемлекет бюджеті үшін 675,7 млн теңгеге шыққан.  Пәтерлердің ауданы бөлме санына қарай 45,6 шаршы метрден 73 шаршы метрге дейін барады.

«Біз бұл қалаға Кентаудан көшіп келгенбіз. Өзім жергілікті әкімдікке қзыметке орналастым. Жаңа үйдің аты жаңа үй ғой. Іші-сырты таза. Балконы да кең. Электр плитасы дайын болғанына қуандық. Көптеген қиыншылықтан өтіп, қоныс аударғанымыз бекер болмапты. Қуанып жүрміз» - дейді Юлдыз Құрбанова есімді тұрғын.