Шығыс Қазақстан облысында 1974 жылғы КСРО паспортымен тұрып жатқан 90-нан астам адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 1974 жылғы КСРО паспортын уақытылы ауыстырмаған адамдардың құқықтық мәртебесін реттеу бойынша жұмыс жүргізуде.
Жыл басынан бері ескі қызыл паспортпен жүрген 90-нан астам азамат анықталды. Олардың бірі 1983 жылы Ресей Федерациясынан көшіп келген 54 жастағы Шемонаиха ауданының тұрғыны. Ол 16 жасқа толғаннан кейін 1974 жылғы КСРО паспортын алған.
«Шемонаиха ауданы полиция бөлімі көші-қон қызметі бөлімшесінің қызметкерлері Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Халықаралық бюроның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының заңгерімен бірлесіп, Өскемен қаласындағы Ресей Федерациясының Бас консулдығы арқылы шет мемлекет азаматтығының жоқтығы туралы қажетті ақпаратты алуға көмек көрсетті. Бүгінгі таңда ер адам көптен күткен құжатты алды. Енді ол барлық мемлекеттік қызметтерді пайдалана алады», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, полицейлер қандай да бір себептермен жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарға тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне хабарласуға шақырды.