Шығыс Қазақстан облысында «Браконьер» республикалық жедел-алдын алу шарасы барысында заңсыз аңға шыққан Глубокое ауданының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Шемонаиха ауданы Верх-Уба ауылындағы «Маралиха» шатқалында 38 жастағы ер адам 2019 жылдың 4 қазан күні сағат 21.30 шамасында арнайы жылжымалы жарықтандыру құралы мен автокөлік шамын жағып, елік атқан. Тәртіп сақшылары оны қолға түсіргенде еліктің тұтас етін, 12 калибрлі Иж-27 қосауызды тегіс ұңғылы мылтығын, оқ-дәрі және «Mitsubishi Montero Sport» маркалы көлікті тәркіледі. Анықталғандай, ер адамның аң аулауға рұқсаты және елік атуға лицензиясы болмаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 337-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған» делінген хабарламада.
Шемонаиха аудандық сотының үкімімен браконьердің бір жыл атыс қаруын сақтауына және аң аулауына тыйым салынды.
Сондай-ақ ол 202 000 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Естеріңізге сала кетсек, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен браконьерлерге жаза күшейтілген болатын.