Фото: Polisia.kz
ШҚО-да бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері Ұлттық ұланмен бірлесіп, облыс прокуратурасымен іс-қимыл жасасуда өңірде бірқатар қылмыс жасаған қылмыстық топтың жолын кескен.
"Өскемен қаласында арасында криминалдық жанжал туындаған бірқатар жергілікті тұрғындар мен келушілер ұсталды. Нәтижесінде полицияға 20 адам жеткізілді. Олардан заттай дәлелдемелер ретінде: 2 Макаров тапаншасы, 2 травматикалық тапанша, 1 мылтық, 1 тегіс ұңғылы мылтық, 1 жарық-шу гранатасы және 23 түрлі калибрлі патрон тәркіленген. Сондай-ақ 3 бірлік автокөлік тәркіленді.
Содан кейін Катонқарағай ауданының аумағында кәсіпкерді аса ірі мөлшерде бопсалаған аталған қылмыстық топтың қатысушылары ұсталды. Бұл дерек бойынша 8 адам ұсталып, оның 4-уі қамауға алынды.
Құқық қорғау органдарының жедел әрекеттерінің арқасында ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін деген қылмыстардың жолын кесуге мүмкіндік туды" - делінген хабарламада.
Қылмыстық жанжалдың себебін және осы істің басқа да мән-жайлары ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) және ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында анықталады.