Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында әйелдің киімін киген ер адам шағын несие ұйымын тонап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 21 наурызда сағат 11.30-да Риддер қалалық полиция бөліміне хабарласқан шаһар тұрғыны микроқаржы ұйымы кеңсесінің тоналғанын айтқан.
Өз сөзінде ол бейтаныс әйел адамның ірі көлемдегі ақшаны жымқырғанын жеткізді.
«Оқиға орнына тәртіп сақшылары дереу келіп жетті. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне жәбірленушілер мен куәгерлер бірауыздан ұрының қыз екенін алға тартты. Алайда бір сағаттың ішінде жедел уәкілдер күдікті ер адамды ұстады. Бұл - Риддер қаласының 45 жастағы тұрғыны болып шықты» делінген хабарламада.
Анықталғандай, ол қаладағы базарлардың бірінде орналасқан пайызсыз қарыз беретін микроқаржы ұйымының кеңсесіне шабуыл жасауды көптен бері жоспарлап жүрген.
Әйелдерге арналған капюшоны бар ақ түсті күрткені, өкшелі ақ етікті, ұзын парик пен қара шарф киген еркек бет-әлпетін жасыратын медициналық маска тағып алды.
«Кеңсеге кірген тонаушы менеджерді қару тәрізді затпен қорқытып, ірі көлемдегі қаражатты ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген ақпаратта.