20 қыр, 2022 сағат 13:04

ШҚО-да арнайы жасақтан қашқан ер адам ақшаны жан-жаққа шашып кеткен


Шығыс Қазақстан облысында ер адам 20 жастағы тұрғыннан жарты миллион теңге бопсалаған, - деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

20 жастағы жәбірленушінің айтуынша, Березовка ауылының тұрғыны күшінің басымдығын пайдаланып, одан 500 000 теңге талап еткен. Күдіктіні ұстау үшін полицейлер Өскеменде операция ұйымдастырып, оған арнайы жасақ жұмылдырылған. 

Күдікті тәртіп сақшыларынан жасырынып, жол бойында заттай дәлелдемелерден құтылмақ болған. Қаскүнем кінәсін мойындап, одан заңсыз әрекеттерін растайтын ақша қаражаты тәркіленді.

"Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның әрекеті 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жазаны көздейтін бопсалау бойынша сараланады", - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Алмаз Төкенов.