16 қар, 2018 сағат 12:32

ШҚО-да аңшылар малға шапқан «қара қасқырдың» үйірін атып алды

Шығыс Қазақстанның Абай ауданына қарасты Саржал ауылында аңшылар итпен қасқырдың шатысынан туған будан - «қара қасқырдың» үйірін атып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуелі ауыл маңын қара қасқыр үйірі торуылдап жүргені туралы ақпарат тараған. Ондай әңгіменің туындауына Тайлан қыстағында отырған бірнеше үйдің малы күнде шығынға ұшырауы себеп болған. Түз тағылары тіпті ауладағы азын-аулақ қаз бен тауыққа да ауыз сала бастаған. Алғашында қыстақ тұрғындары мұны өз иттерінен көріп, бірнешеуін атып та көреді. Кейін «баукеспелер» «қылмыс үстінде» көзге түседі. Қара қасқырды тек кинодан ғана көретін қыстақ тұрғындары тағыларға қарсы ешқандай әрекет жасай алмаған. Алғашқы аяз түскенде қара қасқырлар одан бетер құтырып, шопанның көзінше қойға шапқан. Ақыры малшылар Саржалдағы Сәлім Әкімбаев бастаған аңшылардан көмек сұрайды.

«Елдің қара қасқыр деп жүргені ит пен көкбөрінің шатысынан туған будан болып шықты. Қасқыр бір рет мал алған жеріне айлап шаппайды. Ал бұлар күн сайын қырғын салған. Дәурен Майқанов, Азамат және Жанпейіс Ыбыраев сияқты тұрғындардың бірнеше бас қойын тамақтап, сиырын тартып кеткен екен. Адамның көзінше малға шабу да сирек кездесетін жағдай. Аңшылық тәжірибемде бірінші рет будан атып тұрмын» - дейді Сәлім Әкімбаев.

Аңшылар будан үйірден 5 қасқырды оққа байлап үлгеріпті. Тек біреуі ғана аман құтылған.

«Қыстақ малшылары көмек сұраған соң. Өз көлігімізбен шығып, үйірдің ізіне түстік. Бірінші күні тек біреуін ғана аттық. Қалғандары қарағанның арасына тасалап, атқызбады. Екінші күн олжалы болып, 4 қасқыр алдық. Малшылар да риза. Аяз түспей жатып бұлайша еркінсіген қасқырлар енді кешіксек, бұдан көп шығын келтіруі мүмкін ғой» - дейді аңшы. 

Облыс бойынша қасқыр атуға берілген лимит уақыты 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Биыл Шығыс Қазақстан бойынша 415 қасқырға лимит бар. Бір адам 3 қасқыр ата алады. Одан асса, заңбұзушылық деп саналады» - дейді облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі басқарма маманы Самат Дидахматов.