Шығыс Қазақстан облысының полицейлері қос азаматтығы үшін 70-тен астам адамды жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай мәліметтер Шығыс Қазақстан облысы және Ресей Федерациясының Алтай аймағы полицейлерінің шекарамаңы ынтымақтастығы жөніндегі жұмыс кездесуінде айтылды.
«2019 жылы Алтай аймағымен әрекеттестік ықпалдастық және өзара іс-қимыл жоспары негізінде жүзеге асырылуда. Қазақстан азаматтығынан айырылған, алимент пен қарызын төлемегендіктен мемлекетаралық іздеуге жарияланған тұлғалардың тізімін тоқсан сайын жіберіп отырамыз», - деп атап өтті ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Ербол Бекпаев.
Қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін РФ-ның 74 азаматы жауапқа тартылды. Жиын барысында көші-қон саласындағы серіктестік қана емес, мал мен автокөлік ұрлығы, заңсыз есірткі айналымымен күрес және шекара режімі мәселелері талқыланды.
ШҚО ПД басшысының орынбасары Талғат Шаяхметовтің айтуынша, жұмыс барысымен осындай кездесулер өткізу шекаралас елдердің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуда аса маңызды. Кездесу барысында күн тәртібіндегі барлық сұрақтар бойынша ашық және конструктивті диалог өтіп, тиісті ұсынымдар пысықталды. Сондай-ақ Ресей Федерациясы мен Қазақстанның ішкі істер органдарының шекарамаңы ынтымақтастығы аясында қылмысқа қарсы бірлескен шараларды белсенді іске асыру үшін ұсыныстар енгізілді.