Фото: ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 2 жасар баланың үстіне қайнаған су толы кіржуғыш машина құлап кетіп, денесінің 79 пайызы күйіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқиға 26 тамызда Алтай қаласында болған. Сол уақыттан бері дәрігерлер екі жасар баланың өмірі үшін күресіп жатыр.
Бүлдіршін үйде ойнап жүріп, қайнаған су толған кіржуғыш машинаны үстіне құлатып алған. Соның салдарынан басын, мойнын, денесін, аяғы мен қолын термиялық күйік шалған. Жалпы тұла-бойының 79 пайызы күйіп қалған.
Ол санитарлық авиациямен шұғыл түрде Өскемен қаласына жеткізілді.
«Ауруханаға жатқызылған күннен бастап қазіргі уақытқа дейін балаға шокқа қарсы және детоксикация терапиясы жасалып, қан мен плазма құйылды. Сондай-ақ хирургтар денесінің зақымдалған жерлерінің шамамен 35%-ны 4 еселік аутодермопластика (тері егу) жасады. Бүгінде баланың жағдайы "тұрақты ауыр" деп бағаланып отыр», - делінген ақпаратта.