коллаж: Tengrinews.kz
Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен-Құмыстау теміржол учаскесінде 18 вагон рельстен шығып кетті. Бес вагон Ертіс өзеніне құлаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"3 сәуірде сағат 12.04-те Шығыс Қазақстан облысының Өскемен-Құмыстау теміржол учаскесінде жүк пойызының 18 вагоны рельстен шығып кетті. Пойыз сағатына 37 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. 5 вагон өзенге түсіп кеткен", - деді баспасөз қызметі.
Руда тиелген екі вагон Ресейдің меншігі екені атап өтілді. Тағы 16 вагон "ҚазцинкТемірТранс" ЖШС-не тиесілі.
"Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Жолаушылар және жүк пойыздарында кідірістер жоқ. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы оқиғаның барлық себебі мен мән-жайын анықтау үшін ұлттық компания басшыларынан комиссия құрылды", - деді ҚТЖ өкілдері.