29 қаз, 2018 сағат 16:02

ШҚО ауылына ұлы Абайдың әжесінің есімі беріледі

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданындағы Жаңаөзен ауылына Зере атауын беру ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратaltaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақжал ауылдық округінінің орталығы Жаңаөзен ауылында тұрғындардың қатысуымен жиын өтті. Онда елді мекен атауын өзгерту мәселесі қаралды. Атап өтілгендей, Жаңаөзен ауылына ұлы Абайдың әжесі Зеренің есімін беру ұсынысы бұған дейін жасалған.

Ауыл бұрын Новореченск аталған, кейіннен тура аудармасымен Жаңаөзен ауылы деп өзгертілген.

«Өзенннің жаңасы болмайды. Өзеннің Шар деген өз атауы бар. Осыны ескере отырып, ауылдың атауын тегі Жарма өңірінен шыққан, Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы, Абайдың әжесі, азан шақырып қойған аты - Тоқбала, кейіннен Зере атанған, М.Әуезовтың «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласы мен «Абай жолы» романында Алаш айнасы атанған Зеренің атымен атауға округ тұрғындары атынан ұсыныс енгіземін», - деді ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Әлиясов.

Бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілген ұсынысты округ тұрғындары бірауыздан қолдады. Кезектен тыс өткен жиынның қорытындысы бойынша, Жаңаөзен ауылын Зере ана есіміне ауыстыру жөнінде шешім қабылданды.