18 там, 2021 сағат 13:47

Шілдеде қазақстандықтар 102,6 келі алтын құйма сатып алған


Шілде айында қазақстандықтар 2400-ден астам алтын құйма сатып алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық банктің ресми сайтына жарияланған мәліметке сүйенсек, бір айдың ішінде екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алынған 2410 құйманың жалпы салмағы 102,6 келі болған. 

Жалпы Ұлттық банк тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Содан бері жалпы салмағы 2,2 тонна болатын 60 378 алтын құйма сатылған.

«Азаматтарға алтын құймалардың бес түрі ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 30% – 17 868 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 13 417 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 910 дана (20%), 5 грамдық құйма – 9 842 дана (16%), 50 грамдық құйма – 7 341 дана (12%). Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие», - деп жазады Ұлттық банктің ресми сайты.

Ресми ақпаратта сатып алынған алтын құйманы сақтаудың тәртібі бар екені де айтылған.

«Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамамен шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн», - делінген мәліметте.

Ұлттық банк сатуға шығарған алтын құймаларды Halyk Bank-, «Еуразиялық банк», Jusan Bank, «Банк ЦентрКредит» сияқты банктер мен айырбастау пункттерін арқылы сатып алуға және сатуға болады.