14 там, 2021 сағат 15:40

Шілде айындағы теңге бағамына не әсер етті?


Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова биыл шілде айындағы теңге бағамы жайында түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнай нарығындағы ахуал әлемдік валюта нарығындағы ахуал сияқты шілдеде екіұшты және құбылмалы болды. ОПЕК+ елдерінің уағдаластықтары туралы және коронавирустың дельта штамының таралу қарқыны туралы жаңалықтар аясында мұнай бағасы біресе көтеріліп, біресе төмендеп отырды. Айдың қорытындысы бойынша мұнай бір баррель үшін 76,33 АҚШ долларына дейін 1,6%-ға өсті», - деді Әлия Молдабекова. 

Оның айтуынша, шілдеде теңге бағамы мұнай бағасының өсуі және Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеттің базалық мөлшерлемені +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,25% деңгейіне дейін 0,25%-ға көтеру туралы қабылдаған шешімі аясында 424,45 теңгеге дейін 0,7%-ға қалыпты түрде нығайды. Мөлшерлеменің көтерілуі ішкі валюта нарығында теңгерімді ұстап тұруға әрі сыртқы инвесторлар үшін теңгелік активтердің тартымдылығын сақтауға ықпал ететін қосымша фактор болып саналады.

«Шілдеде валюта биржасында теңге-доллар жұбымен сауда-саттық көлемінің маусымдағы 3,16 млрд АҚШ долларымен салыстырғанда 3,09 млрд АҚШ долларына дейін біршама төмендеуіне қарамастан, сауда-саттықтың орташа күндік көлемі биылғы жылдың басынан бастап орташа деңгейден едәуір жоғары: қаңтар-маусым аралығындағы кезеңде 129 млн АҚШ долларымен салыстырғанда 155 млн АҚШ доллары деңгейінде сақталуда. Бұл шетел валютасына жеткілікті жоғары сұраныстың сақталуын көрсетеді. Алдыңғы сұхбаттарда атап өткенімдей, шетел валютасына сұраныс экономикалық белсенділіктің тұрақты қалпына келуіне және импорттың, ең алдымен, тұтынушылық тауарлардың өсуіне байланысты. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта тауарлар импорты 9,2%-ға өсіп, 17,5 млрд АҚШ долларына жетті. Тұтынушылық тауарлар импорты 27%-ға немесе 

1,2 млрд АҚШ долларына, оның ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарлар импорты 36%-ға немесе 1,1 млрд АҚШ долларына өсті», - деді ҰБ өкілі.

Бұдан басқа, жазғы каникул мен демалыс маусымына байланысты жеке тұлғалар тарапынан маусымдық сұраныс факторы байқалады. Соңғы қолжетімді деректерге сәйкес, айырбастау пункттерінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу мамырдағы 368 млн АҚШ долларынан маусымда

555 млн АҚШ долларына дейін өсті. 

Дегенмен, валюта нарығында теңгерімсіздік байқалған жоқ. Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырмады. Бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын конвертациялау көлемі 1,1 млрд АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаны сату 479 млн АҚШ долларын құрады. 

«Шетелдік инвесторлардың Қазақстанның МБҚ-дағы портфельдік инвестицияларының көлемі шілдеде 791 млрд теңгеден 822 млрд теңгеге дейін өсті, бұл бейрезиденттердің теңгедегі активтерге қызығушылығының сақталғанын көрсетеді. Тамыздың басынан бастап дельта штамның таралуы мен мұнай бағасының төмендеуі аясында теңге бір доллар үшін 425,53 теңге деңгейіне дейін 0,3%-ға әлсіреді», - деді Әлия Молдабекова.