Шиелі ауданының Ыбырай Жақаев ауылында табиғи газ жүргізілді.
Биыл Шиелі ауданының Ы.Жақаев және Бидайкөл елдімекендері көгілдір отынға қосылды. Қазіргі уақытта тұрғынүйлерге газ жүргізу туралы келісімшарт жасалуда.
" Мемлекет басшысының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар — "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистралды газ құбыры Сыр еліне сәтті мүмкіндік берді. Олай дейтінім, облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашты. Бұл Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудан орталықтарын және өткен жылы Байқоңыр қаласын газдандыруға мүмкіндік берді. Міне, енді кент орталығынан бөлек ауылдық елдімекендерді де газдандыру жұмыстары жүргізілуде", - деді аймақ басшысы.
Ыбырай Жақаев ауылының тұрғыны Құралбек Әуелбеков алғашқылардың бірі болып үйіне газ жүргізді.
"Біз табиғи газ жүргізілгеніне қуаныштымыз. Енді пешті қолмен жағып, отын сатып алудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, үйді газбен жылыту әр қыс сайын сатып алатын көмірге қарағанда әлдеқайда тиімді болады. Қазірдің өзінде үйіміз жылынып, жайлы көрінеді ", - дейді Құралбектің жұбайы Ләззат Пәрменқұлова.