17 қыр, 2018 сағат 13:59

Шиелі ауданында спорт кешені ашылды

Шиелі ауданы, Қодаманов ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорттық-сауықтыру кешені салынды.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев нысанның ашылу салтанатына қатысты.

«Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біздің елімізде спортқа айрықша көңіл бөлініп, аталған сала жан-жақты дамып келеді. Облыста спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға зор көңіл бөлінуде. Заманауи спорт алаңдары, стадиондар, дене шынықтыру жəне сауықтыру алаңдары салынуда. Бұл бағытта Шиелі ауданының жетістіктері өзгелерге үлгі боларлықтай. Былтыр Шиелі ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая ауылында спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл Алғабас және Еңбекші ауылында да спорт кешені іске қосылды. Сонымен бірге, Керделі, Жөлек және Бестам ауылдық округтерінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорттық сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде»,-деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, аудан орталығында жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталды. Жақында осындай нысан Гигант ауылдық округінде де салынған еді.

Ш.Қодаманов ауылындағы спорт кешенінің құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған болатын, құрылыстың бас мердігері – «Төңкеріс-К» ЖШС. Заманауи кешенде бокс, күрес, волейбол, кіші футбол үйірмелері жұмыс жасайтын болады. Тұрғындарға арналған атлетика залы бар, кешкі уақытта ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жоспарланып отыр.

Айта кетейік, соңғы жылдары облыста 9 спорт кешені пайдалануға берілді. Былтыр облыстық бюджеттен 7 елдімекендегі спорт кешенінің құрылысына қаржы бөлінді.