14 қар, 2022 сағат 11:33

Заңсыз активтерді елге қайтару: Қазақстан Монако, Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ-пен келісім жасады



Бас прокуратура шетелге заңсыз шығарылған мүлікке тыйым салу өтінішін қай құжаттың негізінде жолдайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокуратура құқық қорғау органдарына шетелдегі қылмыстық кірістерді іздеу, тыйым салу және тәркілеу бойынша қолдану мен жұмыста пайдалану үшін берілген сатылық алгоритмдерді, әдістемелер мен сұраулардың үлгілерін дайындады. Қылмыстық активтердің шетелге шығарылу дәлелдемелерінің жиналуына қарай қаржылық барлау бөлімшелерінің (әлемнің 160 елінен астам қаржылық барлау арасындағы электрондық ақпарат алмасудың «Эгмонт» желісі арқылы) мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қылмыстық жолмен алынған активтерге тыйым салу бойынша жедел шаралар қабылдануда. Бас прокуратура кейіннен құқықтық көмек көрсету туралы (Қылмыстық-процестік кодекстің 560-бабына сәйкес), оның ішінде шетелдегі мүлікке тыйым салу және тәркілеу үшін сұраулар жолдайды», - деп жазылған құзырлы органның редакция сауалына жолдаған жауабында.

Ресми жауапқа сүйенсек шет мемлекеттерге ондай өтініш жасау үшін екіжақты келісім болғаны керек.

«Өтінім жолдаудың құқықтық негізі ретінде Бас прокуратураның қылмыстық-құқықтық саладағы жасасқан екіжақты келісімдері болып табылады. Бүгінгі күні 34 мемлекетпен 72 екіжақты келісімге (оның ішінде АҚШ-пен, Ұлыбританиямен, Монакомен, Испаниямен, Италиямен, БАӘ-мен және т.б. келісімдерге) қол қойылды. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрауларды, оның ішінде «КАРИН» және «АРИН» (Еуропа, Азия және әлемнің басқа елдері прокурорларының активтерді қайтару жөніндегі желілері) арналары арқылы сүйемелдеу және олардың орындалуын тездету тұрақты негізде пысықталады», -делінген жауапта.

Сондай-ақ Бас прокуратура өкілдері қазір қаралып жатқан істердің егжей-тегжейін БАҚ-қа мәлім ету Қазақстан заңнамасына қайшы екенін жазған.

«Дегенмен қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс (ҚПК-нің 201-бабының 1-бөлігі). Осыған орай қазіргі уақытта аталған сотқа дейінгі іс жүргізулер бойынша неғұрлым егжей-тегжейлі ақпаратты жариялау мүмкін емес. Сондай-ақ, Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау Қазақстан Республикасы заңнамасымен қорғалатын құпияны ашуға қойылатын талаптары ескеріле отырып жүзеге асыралатынын хабарлаймыз», - деп жазылған Бас прокуратура мәліметінде.