01 шіл, 2022 сағат 15:31

Шетелдіктердің қатысуымен 63 млрд доллардың жобалары іске асырылып жатыр


Елімізде шетелдіктердің қатысуымен 63 млрд доллардың жобасы іске асырылып жатыр. Бұл туралы «Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Экономикалық дипломатияға және шетелдік инвестицияны тарту жөніндегі мемлекеттік саясатқа ерекше көңіл бөлеміз. 30 жыл ішінде еліміздің экономикасына 380 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартуға қол жеткізіп, инвесторлар үшін өңірлік хабқа айналдық. 2021 жылдың қорытындысында 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылған, жалпы сомасы 3,67 миллиард долларға шетелдіктердің қатысумен 44 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Қазір KAZAKH INVEST-пен бірлесе отырып, 63 миллиард доллар сомасына шетелдіктердің қатысуымен 450 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, халықаралық инвестициялар үшін бәсекелестіктің күшеюі жағдайында елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр. 

«Өткен аптада ғана Үкімет еліміздің 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясатының жаңа тұжырымдамасын бекітті. Құжат қосылған құны жоғары тауарларды бәсекеге қабілетті өндіруге бағытталған инвестициялардың құрылымын өзгерту бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруды көздейді», - деді Мұхтар Тілеуберді.