24 қыр, 2018 сағат 11:58

Шетелдіктер бізге ЭКО үшін келеді – Алексей Цой

Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында елімізде медицина туризмін дамыту туралы баяндады. Оның айтуынша жетекші елдердің азаматтары Қазақстандағы ЭКО қызметіне жиі жүгінеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойға медициналық туризмді дамыту төңірегінде сауалын қойды.

«Құрметті, Алексей Владимирович. Соңғы кезде медициналық туризм көбірек танымал болып келеді. Осы туризм бағыты жақсы дамуда және осы салада әлем бойынша 15 млрд долларға жуық қаражат айналымда. Біздің азаматтарымыз шетелге барып емделеді және сол үшін көп ақша жұмсайды. Алайда тек Астанада ғана бірнеше әлемдік деңгейдегі медициналық орталықтар бар. Осыған байланысты Қазақстандағы медициналық туризмді дамыту үшін қандай жүйелі шаралар бар. Әлемдік танымал медициналық орталықтар не үшін біздің денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция салуға асықпайды. Бұл неге байланысты?», - деп сұрады ол.

Вице-министр әлемде медициналық туризм қарқынды дамып жатқанын, бұл тенденция Қазақстанда да байқалатынын атап өтті.

«Медицина туризмін ынталандырып, азаматтарымыздың шетелге ағынын азайту үшін ең бірінші кезекте еліміздің инфрақұрылымын есепке алуымыз керек. Екіншіден, құрылыс салуға шетелдік инвесторларды тартуға жұмыс жүргізіліп жатыр. Біле білсеңіздер, әлемде медициналық туристердің негізгі доноры АҚШ болып отыр. Барлық ел азаматтары шетелге барып емделгісі келеді. Біз азаматтарымыздың өз елімізде сапалы қызмет алғанын қалаймыз», - деді ол.

Оның айтуынща, қазір Қазақстанда GCI халықаралық аккредитациясын алған 7 ұйым бар. Бұл аккредитацияны барлық шетелдік компаниялар, әсіресе сақтандыру компаниялары растайды. Себебі бұл емханаларда емделу қауіпсіз және әлемдік стандарттарға сәйкес келед. Мұндай шетелдік сақтандырулар шетелдіктердің осы емханаларға келуі мен толық емделуін қамтамасыз етеді.

«Былтыр елімізге келушілер саны артқанын байқаймыз. 1680 шетел азаматы ақылы станционарлы ем алған. 23 мың шетел азаматы сауықтыру қызметін, соның ішінде санатория-курорттық ем алған. Бұл жерде үлкен потенциал бар. Бізде бәрі біле бермейтін бір бағыт бар, ол – экстракорпоральды ұрықтандыру мен репродуктивті медицина. Мұны шетелдіктер жақсы біледі және әлемнің жетекші елдерінен елімізге көп келеді. Себебі мұндай технологиялар бізде жақсы дамыған. Яғни, біз медицина туризмін дамытуды неден бастайтынымызды анықтадық», - деп сөзін түйіндеді Цой.