12 жел, 2018 сағат 00:20

Шетелдік инвесторлар Отырарда биоэтанол өндіруге ниетті

Шетелдік инвесторлар Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеп, биоэтанол өндіретін зауыт тұрғызуға ниетті. Бүгін аудан әкімі Ерлан Айтаханов аудандағы индустриалдық аймақта болып, шет елден келген инвесторлармен кездесті. Кездесуде аудан басшысы облыстағы Түркісіб темір жол магистралына қосылған бірден-бір индустриалдық аймақтың ерекшелігін атап өтті. Ондағы инфрақұрылым аймақтан салынатын кәсіпорындарға өте тиімді болмақ.

Айта кетсек, аудандағы индустриалдық аймақтың аумағы 97,0 гектарды құрайды. Мұндағы кәсіпорындарға бірден-бір қажетті инфрақұрылым, темір жол тұйығы мен электр желісі болса, аталған инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Тағы да айта кетер жайт ауданымызда газдандыру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Яғни, 2019 жылы газ құрылысы осы аймаққа да келіп жетеді. Ең бастысы,индустриалды аймақ темір жолдың бойында орналасқан. Яғни, осы жол кәсіпорындарды Еуропа мен Ресейге, Қытай мен Өзбекстан арқылы басқа да елдермен жалғастырады. Сонымен қатар Батыс Еуропа-Батыс Қытай автобаны 40 км жерден өтіп жатыр. Қазіргі таңда индустриалды аймақта «Азия агро» ЖШС-і мен «Отырар Дән» ЖШС-нің жүгері қабылдап, сақтап, кептіру кешендері жұмыс істейді.

Сонымен қатар Отырар ауданының әкімдігінің ұсынысымен ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің қолдауымен келер жылы "Қызылқұм массиві" жобасының ІІІ-ІV кезеңі жүзеге асады деп күтілуде. Яғни, егістік алқапты кеңейту, суландыру мақсатында қолға алынған бұл жоба бойынша 120 км созылып жатқан "Қызылқұм" каналын 61 км-ге дейін ұзартып, бетонмен қаптау жұмыстары жүргізіледі. Бұл каналдан секундына 100 куб су өтеді. Егер жоба жүзеге асқан жағдайда Отырар ауданы аумағындағы 48 мың гектар жер суландырылатын болады. Осылайша экологиялық таза өнім биоэтанол өндіру үшін шикізат жеткілікті көлемде өндіріледі.

Белгілі меценат, ірі кәсіпкер, жерлесіміз Серікжан Сейітжанов шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып салатын кәсіпорынның болашағы зор болады деп сенеміз. Бұл кәсіпорын аудан бюджетіне түсетін кірісті молайтумен қатар көптеген отырарлықтарды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.

Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі