Алматы қаласының мәдениет басқармасы бюджеттен қазақстандық эстрада жұлдыздарының жеке концерттерін өткізуге неліктен 220 млн теңгеден астам қаражат бөлінетінін түсіндірді. Оның ішінде Роза Рымбаеваның мерейтойлық кешіне жұмсалатын 111 млн теңге де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шенеуніктердің сөзінше, жарияланған сметалар – коммерциялық құрылымдар мен өнер иелерінің өздері ұсынған есептеулердің бір ғана нұсқасы.
"Алматы қаласында Роза Рымбаева, Марат Бисенғалиев және Жәмила Серкебаеваның концерттерін ұйымдастыруға қатысты әлеуметтік желілерде талқыланған есептер, бұл мәслихаттың жұмыс топтары мен сессияларында, сондай-ақ Қоғамдық кеңестің отырыстарында қаралған "жұмыс материалы". Талқылау барысында олар ұсыныстар мен ескертулер негізінде өзгерістерге ұшырады. Қабылданған шешім бойынша Жәмилә Серкебаеваның концертіне бюджеттен қаражат бөлінбейтін болды. Жеке концерттің жарнамалық науқаны үшін ақша да бөлінбейді", – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, әкімдіктегілер фестивальдер — Алматы тіршілігінің дәстүрлі бөлігі екенін атап өтіп, өнер қайраткерлерінің бастамаларын қолдаған жөн деп жауап берді.
"Алматыда концерттер мен фестивальдерді өткізу – қала өмірінің дәстүрлі әрі маңызды бөлігі. Пандемияға байланысты екі жылдық шектеулерден кейін өнер қайраткерлерінің бастамаларын қолдау маңызды", – деді қалалық мәдениет басқармасы.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын алматылық блогер Ерлан Нұрпейісов Алматы әкімдігінің мәдениет басқармасы бойынша осы жылға арналған бюджет жобасында Роза Рымбаеваның есеп беру кешіне 111 млн теңге бөлу көзделгені жайлы жазған болатын.