Желіде шен үшін ішкен әйелдердің видеосына қатысты ҚР Қорғаныс министрлігі тілшіміз жолдаған ресми сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz
"Әлеуметтік желіде жарияланған видеодағы азаматтардың ҚР Қорғаныс министрлігінде қызмет ететіні анықталды. Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңына сәйкес олар жауапкершілікке тартылды. Майор А,, капитан И. және аға лейтенант Р.-ға қатаң сөгіс жарияланды", - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің жауабында.
Еске салайық, таяуда шен үшін ішкен әйелдердің видеосы тарап, әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді.
Интернетте пайда болған видеода үш әйел кезек бойынша: "Құрметті офицерлер, кезекті әскери шен алу үшін алып қоюға рұқсат етіңіз", - дейді де шыны стақанға құйылған сұйықтықты ішеді. Бұл әрекет демалыс орындарының бірінде түсірілген.