13 сәу, 2022 сағат 17:49

Шекарашылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді – депутат


Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан шекарашылардың ауыр тұрмысын сынға алып, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылыковқа сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шекара – Тәуелсіздіктің басты символы. Қазақстан барлық тараппен құрлықтағы және теңіздегі шекара сызығын халықаралық шартпен бекітіп алды. Делимитация, демаркация процесі сәтті жүзеге асты. Алайда соңғы уақыттағы әлемдік геосаяси кеңістіктегі түрлі құбылыстар кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Осы орайда, мен Үкімет назарын еліміздегі шекара бөлімшелеріне аударғым келеді», - деді Әшімжан Мәжілістің жалпы отырысында. 

Таяуда депутат Алматы облысы Панфилов ауданындағы Шекара басқармасы, Нарынқол-Ұйғыр ауданындағы «Райымбек» шекара заставасы, Кеген ауданындағы «Саты», «Рабат» шекара бөлімшелерін бастан аяқ аралап, сарбаздардың әлеуметтік жағдайларымен танысқан. Оған қоса, «Қастек», «Жамбыл», «Қарғалы», «Қаскелен», «Алма арасан» шекара бөлімшелері бар. 

Оның айтуынша, шекарашылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Арнайы мақсаттағы нысандардың дені күйреп тұр. Шекарашылар тұратын ғимараттар күрделі жөндеуді, көгілдір отынмен қамтуды, жарықтандыруды, бейнебақылау мен электр жүйесін жабдықтауды талап етеді. 

«Маңызды нысандарды салу мен күрделі жөндеу бойынша Алматы облысы әкімдігімен ортақ келісім бар. Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымын реттеу жөніндегі Жол картасына да енген, бірақ мәселе әлі шешімін таппай отыр. Ал соңғы 5 жылда қауіпсіздік саласына бөлінген қаржыда есеп жоқ. Ащы да болса айтайын, «Саты», «Рабат» заставасының шекарашылары 90-жылдардағы ескі монша мен есік-терезесі аңғал-саңғал балабақшада тұрып жатыр. Панфилов ауданындағы шекара басқармасы 1892 жылы салынған ғимаратқа орналасқан. Шонжыдағы «Райымбек» заставасының әскерилері тұратын тұрғын-үйлер мен спортзал, кітапхана, мәжіліс залының төбесінен су ағып, қабырғалары сетінеп тұр. Түрлі қару-жарақ сақталған шекара заставаларының қоршауларын жаяу адам жапырып, атты адам опырып өтеді. Осыдан кейін шекаралық өңірлерге отбасымен барып қызмет етіп жүрген офицерлік құрам мен әскери борышын өтейтіндерге «шекарамызды қас қақпай күзетіңдер» деп қалай талап етеміз? Болашақ шекарашыларды қалай ынталандырамыз?», - деді Жанарбек Әшімжан. 

Осы орайда, депутат жеделдетіп мына шараларды қолға алуды ұсынды. 

«Бірінші, мемлекетіміздің құрлықтағы және теңіздегі барлық шекара қызметтерінің материалдық-техникалық базасы мен әлеуметтік нысандарын арнайы Үкіметтік комиссия шығарып тексеруді; Екінші, мектептерде отансүйгіштікті насихаттайтын бағдарламаларды күшейтуді; Үшінші, тау асып, тас басып жүрген Алматы облысындағы шекарашылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеделдетіп шешуді ұсынамын», - деді Мәжіліс депутаты.