Шекарашылар Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағынан жабайы қарасора өскен алқаптарды тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК ҚШ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Шонжы шекара отрядының «Текес» және Күршім шекара отрядының «Өрел» шекара заставаларының аумағынан шекарашылар жабайы қарасора алқаптарын тапты. Екі жерден табылған алқаптың жалпы көлемі - 5 гектар. Жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өсімдік алқабы жойылды. 9 мың түп есірткі өсімдігінің жалпы салмағы 1,5 тоннадан асқан», делінген өткен тәулік бойынша шекарашылар жұмысының нәтижесі көрсетілген хабарламада.
Сондай-ақ, кеше сағат 22:00 шамасында Сарыағаш шекара отрядына қарасты «Ынтымақ» заставасында шекараның бұзылғаны жөнінде белгі келіп түскен.
Оқиға орнына аттанған топ Өзбекстаннан елімізге қарай жасырын өтпек болған екі өзбекстандықты ұстады. Олар күнкөріс қамымен жұмыс іздеуге шыққанын айтқан. Қазір құқық қорғау органдары осы іс бойынша тексеру жүргізіп жатыр.
Бұдан басқа, қорғастық шекарашылар Халықаралық шекара бойы ынтымақтастығы орталығынан қайтып келе жатқан 21 жастағы қазақстантан салмағы 63 кг Қытайда шығарылған дәрі-дәрмек тауып, актімен Алтынкөл кеден бекетіне тапсырды.