Егемендіктің қазаққа берген сыйы – кең байтақ даласын жат көздің сұғынан қорғап, шекарасын дер кезінде сызып, іргесін бекітуі. Себебі кез келген мемлекеттің берік болуы шекарасының шегенделуінен басталады. Бұл жағынан алғанда, ел үшін маңызды шаралар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданып, бекітілген болатын. Алайда бүгінде шекаралық аймақтардың халі нешік?
Еліміз бойынша шекаралық аудандардағы халық саны жыл өткен сайын азайып келе жатқаны талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын облыс орталықтарына қоныс аударуда. Елдің етегін жалаңаштап жатқан бұл әрекетті тоқтатып, тұрақтандыруды шұғыл қолға алмаса, шекара шебіміз жалаңаш қалатын түрі бар. Шекараның мықты болуы ондағы әскерлердің санына ғана емес, шеп бұзбай отыратын халықтың санына да байланысты екенін айтып жатудың өзі артық.
Мәселен, тұмса табиғаты және тарихи жәдігерлерімен көз тартатын Шығыс Қазақстан облысы еліміздің ең үлкен шекаралық аймақтарының бірі саналады. Әрі бұл өңір әуелден туризмге сұранып тұр. Ал бал өндіруден елімізде көш бастап тұрған облыстың бүгінде марал өсірумен де аты шыққан.
Шығыс Қазақстан облысы Қазақстанның Ресей, Қытай және Моңғолия елдерімен шекаралас солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Мұнда Азияның ұлан-байтақ далалары Сібірдің таулы орманымен ұштасып жатыр. Жазық келген жоталар, қалың ормандар, басын мәңгі мұз басқан таулар, өзендер мен көлдер бұл жердің ғажайып табиғатының әсемдігін көрсетеді. Бұл өңірде алғаш болған зерттеушілер өлкенің сұлулығына таң қалғаны соншалық, Швейцарияға теңеген екен. Оның ерекшелігі сонда, бұл аймаққа сапар шеккен адам өзіне қажетті демалыстың кез келген түрін таба алады.
Әрине, туризм саласын өркендетуде Шығыс Қазақстан облысын шетелдіктер тамсанатын демалыс аймағына айналдыруға еш кедергі жоқ. Бірақ осы өңірдегі шекаралық аудандар мен елді мекендердің жағдайы алаңдатады.
Былтыр Парламентте депутаттық сауал жолдаған Берік Дүйсенбинов шекаралық елді мекендер жайында мәселеге бейжай қарамауға шақырғаны есте. Ол: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартты» деп мені ешкім кінәламас. «Темірді қызған кезінде соғу» – азаматтық борышым. Өйткені шекарамыз жалаңаш жатыр. Шығыс Қазақстан облысында Қатонқарағай, Күршім деген табиғаты керемет аудандар бар. Өзім осы өңірдің азаматымын, сондықтан бәрі менің көз алдымда. Әр тасы, әр белесі дегендей. Жиі аралайтын болғандықтан, көңілімде қорқыныш басым. Ауыл-аймақтың ақсақалдарымен кездескенде олар: «Біз сүйегімізді сүйретіп Астанаға, Өскеменге, Алматыға қайдан барамыз, осы жерде өлгіміз келеді. Ауылда қалған біз секілді кемпір-шалдар ғана. Содан кейін аз-маз мал ұстап отырған адамдар бар. Қалғандары түгел көшіп жатыр. Мектеп жабылғасын олар қайтпек? Бала-шағаның қамымен, күнкөріс үшін атамекендерін тастап кетпегенде қайтеді? Мына жақтан қазір Қытай шаруалары қолдарына айыр алып, таудан түсер болса, оларға қарсы тұрар ауылда адам қалмай бара жатыр», – деп қорқыныштың көкесін айтты» дегенде бұл жайттың назардан тыс қалмау керектігін ұққан едік.
Дәл осы түйткіл шекараға таяу орналасқан Нарынқолда да, Марқакөл мен Алакөлде де анық байқалуда. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы сын көтермейтіндіктен, халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алу да кезек күттірмейді. Демек, шекаралас елді мекендердің басты мәселесі – жылдан жылға тұрғындар санының азайып, қаңырап бос қалуы. Мұны шешудің жолы қандай?
Біз Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауылдық округының әкімі Амантай Балтабаев мырзадан шалғайда бұйығы жатқан шекаралас елді мекеннің тыныс-тіршілігін сұрап көрген едік.
– Қазір шекараға таяу орналасқан ауылдар мен елді мекендерге халықтың көптеп қоныстануына мән беруіміз керек. Өйткені әлемде геосаяси жағдайлар күрделеніп барады. Бұл орайда еліміздегі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы жіті көңіл бөлуді талап етеді. Халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алуымыз қажет. Шекара бойында орналасқан аудандар мен тұтастай ауылдардың бос қалу қаупі бар. Өйткені шекаралық аудандарды біріктіру үдерістері жүргізіліп, аудан орталықтары көшкеннен кейін, мемлекеттік мекемелер жабылып, сонымен күн көріп отырған халық жұмыссыз қалды. Шалғай аудандарда өндіріс және өнеркәсіп орындары жоқтың қасы. Оған тоқырау жылдары да өз салқынын тигізді. Сол кездерде ауыл шаруашылығымен айналысу да тиімсіз еді. Бәлкім, заманның қиындап тұрған тұстарында шекаралық аймақтардағы аудандарды бір-біріне қосып, біріктіру қажеттіліктен туындаған да шығар.
Ал қазір бұл аудандарды қалпына келтіруге не кедергі? Еліміздің қазіргі таңдағы саяси-экономикалық жағдайы бұған толықтай мүмкіндік береді. Егер ауылдардағы ағайынның орталықтарға қоныс аударуы азаймаса, шекарамыз бос қалайын деп тұр. Жалпы еліміз бойынша шекаралық аудандардағы халық саны барған сайын азайып бара жатқанын көреміз. Өйткені жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық тұрғын облыс, аудан орталықтарына қоныс аударады. Бұрынырақта шекараға жақын маңда халықтың қарасы қалың болатын. Тіпті шекарадан өтіп, шеп бұзып, шектен шыққандарды жергілікті халықтың өзі-ақ тәртіпке келтіріп отыратын. Сондықтан шекаралық аудандарды қайта қалпына келтірсек, ауылдардың еңсесін көтеріп шекарамызға да көп алаңдамас едік. Елулікті еңсердік, енді отыз елдің қатарына енеміз деп жатқанда осы аудандарды қайта қалпына келтіру де күн тәртібіне сұранып тұрғаны анық. Сонымен қатар атамекенге оралған қандастарымызды Үкімет белгілеген тиісті облыстарға бөлгенде, шекаралық ауылдарға да орналастыруды қарастырса екен.
– Жақын арада шекара шебімізді қорғайтын халық қалмайтын түрі бар деп алаңдауыңыз орынды. Егер жұрт кәсіп болмаса, нәсібін қалай таппақ?
– Шыны керек, шекаралық аудандардың басым бөлігі тұйық, қарым-қатынасы қиын, үлкен тас және темір жолдардан қашық жерлерде орналасқан. Содан кейін де мұнда экономикалық тиімді кәсіпті ұйымдастырудың өзі күрделі, әрі шығыны көп. Осындай себептермен шекаралық аудандардың халқы күнкөріс қамымен шама-шарқынша үлкенді-кішілі қалаларды жағалап кетті. Шекарадағы елді мекендер мәселесі сөз болғанда оңтайландыру саясаты кезінде таратылған шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру мәселесі де айтылмай қалмайды. 1997 жылдары Қатонқарағай және Большенарым ауданы қосылғанда халық саны 50 мың болған. Ал қазір екі ауданның халқы 24 мың адамнан аспайды. Сондықтан бірінші өзекті мәселе ретінде ішкі миграцияны атап өту керек. Тау қойнауларына орналасқан бұрынғы ферма орталықтары мен қыс қыстауын, жаз жайлауын жайлап, малын бағып, шөбін шауып отырған жергілікті тұрғындар бүгінде ат төбеліндей ғана. Олар аудан, облыс, тіпті Алматы, Астана қалаларын бетке алып, көш түзегелі қашан. Бүгінгі заманда бұл заңды құбылыс. Сондықтан көліктік дәлізін ұйымдастырып, алыс-беріс күшейсе деген ой бар. Біздің ауылдағы жағдайды 1997 жылмен салыстырсақ, Қатонқарағай ауылында халық саны 10125 адам болса, қазір 4571. Яғни, 55 пайызға кеміген. Ал тұрғындардың орта жасы бұрындары 30-50 жас болса, қазір 55-63 жас. Туу көрсеткіштері де айтарлықтай мәз емес. Урбанизация үрдісімен халық, әсіресе жастар жаппай қалаға көшуде. Жастар ауылды көркейтуге қалмаса, туу деңгейі де аз болары анық. Мысалы, қазіргі күні ауылдағы туу деңгейі облыстық орта көрсеткіштен 2 есе төмен. Жастарды қолдау үшін, ауыл тұрмысын жақсарту үшін кәсібін дамытуға, мансабын жоғарылатуға мүмкіндік туғызу қажет. Осы тұста тағы көкейкесті мәселе алдымыздан шығады. Жас мамандардың ауылға келуі сирек. Осының салдарынан ауылдарда дәрігерлер, мұғалімдер жетіспеушілігі анық сезіледі. Мемлекет жағынан жастарды қолдауға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Алайда жас мамандар қызметін қалада бастағысы келеді. Оқуын енді тәмамдаған мамандардың алыс шалғайдағы елді мекенге жұмыс істеуге барып, тұрақтап қалуы үшін арнайы бағдарлама қабылданса құба-құп. Бағдарламада шекаралық аудан тұрғындарына барлық бюджеттен төленетін әлеуметтік төлемдер мен еңбекақыларға жоғарылататын коэффициент тағайындап, түрлі жеңілдіктер қарастырылғаны жөн. Нарыққа шығу жолдарын іздеп, өндіріс орындарын құру керек. Бізде қазір экономикалық тұрғыда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі жеңілдіктер бар. Солардың ұтымды тұстарын шекаралық аймақтарға қолданса тиімді.
– Біраз ауыл жабылып, қаңырап бос қалды дедіңіз. Нақты саны қанша?
– Шығыс Қазақстан облысында 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатқаны қынжылтады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде Зайсан, Қатонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Бұл аудандардың барлығы – Қазақстанның шекаралық аймақтары. Тек 2009-2010 оқу жылында балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 оқу жылында 17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жабылған. 2012-2013 оқу жылында облыс бойынша 20 жалпы білім беретін мектеп жабылып, 6 мектеп қайта ұйымдастырылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастырудың да теріс әсері көп. Өйткені 11 жылдық мектептер тоғыз жылдық немесе тоғыз жылдық мектептер бастауыш мектептер мәртебесіне ие болады. Бұл да халықтың жаппай көшуіне өз әсерін тигізуде. Бұл 5-6 жыл бұрынғы бір ғана дерек.
Айтпақшы, жақында бізге өнеге болар бір жаңалықты оқыдым. Жапониядағы трамвай мекемесі шалғай ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз оқушы үшін тоқтатылуы тиіс трамвай бағытын екі жыл бойы жұмыс істеткені туралы жазылған. Шалғай ауылдағы оқушы мектебін бітіргенше, жалғыз жолаушы үшін трамвай қатынасын тоқтатпау – Жапонияның жасампаз рухты ел екенін көрсетеді. Ал бізде жалғыз оқушының тағдыры былай тұрсын, тұтас ауылдың жағдайына көңіл бөлеміз бе?
– Көрші Қытай елімізбен шекаралас жатқан аудандарға кәдімгідей қалалар салып тастағанын естіп те, көріп те жүрміз. Бұл ешқандай қауіп тудырмай ма?
– Қытай Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғырландырып, қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр Шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін гектарлап жер телімдерін тегін беруді қолға алуда. Расында, шекара бойында иін тіресіп ел отырса, қайнаған тірлік, жайнаған өмір болса, біздің жұртқа ешкім де қыр көрсете алмас еді?! Қытай мен Қазақстанның шекаралық аудандарының арасында демографиялық дисбаланс жылдан жылға ұлғайып барады. Қазіргі күнде бұл біздің елімізге айтарлықтай мәселе туындатып тұрмағанымен, келешек ұрпақ үшін қолайсыз геосаясаттық жағдай қалыптасуы мүмкін екені анық. Мәселен, соңғы он бес жылда Қытайдың шекаралас аудандары қайнаған орталыққа айналып, ел экономикасын ілгерілетуге өз пайдасын тигізуде. Ал мемлекет тарапынан салықтан белгілі уақытқа дейін босату сынды тағы да басқа жеңілдіктер қарастырылған. Өзге мемлекеттердің тәжірибесінде шекаралас аудандарда тұратын халыққа материалдық жағынан көмек пен түрлі жеңілдіктер қарастырылған екен. Бұл өз кезегінде халықтың сол аймақта тұрақтанып, тіршілігін жалғастыруға демеу екені анық. Ал біздің елдегі шекара аудандарының жағдайы мүлдем басқа. Осы мәселелерді шешу жолында, бұдан басқа да сәтті тәжірибе бар. Мысалы, бізге көршілес Ресей Федерациясының Қосағаш ауданында мемлекеттік арнайы қабылданған бағдарламаның арқасында соңғы 25 жылдың ішінде аудан халқының саны 1,5 есеге өсті.
Шекаралас аумақта халықты сақтап қалудың бір жолы – инфрақұрылымды дамыту деп жатады. Қазір бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалуда. Алайда инфрақұрылымнан бөлек жаңа кәсіпорындар ашудың, нарыққа шығудың жолдарын қарастырудың маңыздылығы арта түсті. Әрине, кез келген ауылдың темірқазығы – ауыл шаруашылығы ғой. Алайда бұл жерде де көп нәрсе ескеріле бермейді. Ал енді бұл аймақтың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталсақ, дәнді дақылдар өсіруге қолайсыз. Қатонқарағай округі бойынша 350-ге жуық шаруа қожалықтары бар. Бұған қоса шаруа қожалықтарының барлығы кішігірім, отбасылық болып келеді. Ал олар өз бетімен нарыққа шыға алмағандықтан, көбіне делдалдарға жем болып отыр. Мемлекеттік «Агробизнес-2020», «Сыбаға», «Құлан» сынды бағдарламаларымен кәсібін бастап шаруашылығын өркендетіп жатқандар бар. Бірақ та аталмыш мемлекеттік женілдіктер барша қазақстандық ауыл шаруашылық субьектілеріне бірдей болғандықтан үлкен жетістіктерге жету қиын. Ал соңғы жылдардағы экономикалық ахуал бұл шаруашылыққа кері әсер етуде. Өткен жылы елімізде «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қабылданған болатын. Бұл заңның ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығаруға үлкен демеу болары анық. Мәселе енді ғана қолға алынуда. Біріншіден, шалғайдағы өнімдерді қалаға жеткізу жолдары ойластырылу қажет. Мүмкін кішігірім аэропландарды іске қосуға болатын шығар. Екіншіден, үлкен партиялармен уақытында жеткізілген тауар шаруаға тек пайда әкелері анық. Яғни, әр өндіруші өзіне тиісті үлесін алады. Үшіншіден, бұл бірнеше мәселені біріктіріп, ауыл экономикасына үлкен серпін береді. Осы тұрғыда тағы бір ұсынысым, жергілікті шаруаларға шекаралық аймақта отырғаны ескеріліп, нарықтан алыс аймақ ретінде жеңілдікпен субсидиялар берілсе, ұтарымыз көп. Ал кооператив құрылса, мемлекет тарапынан көп мүмкіндіктер ашылатыны сөзсіз.
– Былтыр депутат Берік Дүйсенбинов шекаралық елді мекендердің ахуалын көтергенде білім беру ошақтарының азайып кеткендігін тілге тиек еткен-ді.
– Парламентте бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Бүгінде шекаралық аудандарға ерекше мәртебе беретін заң шығарып, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сай, елімізде орта есеппен жылына 100-ге жуық мектеп жабылады екен. Мектеп білім ордасы болумен бірге, бүгін ауылдағы жұмыс беретін орын, ауылдың қасиетті қара шаңырағы. Сондықтан мектептерді сақтап қалу да назардан тыс қалмағаны жөн. Мүмкін, мектептердегі оқушылар саны туралы нормативке өзгерістер енгізу қажет шығар.
Мемлекет инвентаризация үрдісі аясында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін анықтаған болатын. Бұл өте тиімді үрдіс. Соның әсерінен ауылды дамыту хақында үлкен жоспарлар дайындауға болады. Шекара аудандарының жағдайларын зерттеп, шекара аудандарында тұратын халықты тұрақтандыруға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдаудың уақыты жеткен сияқты. Шекаралық ауылдарда мақсатты түрде жұмыс орындарын көптеп ашу – кезек күттірмес іс. Жабылып қалған мекемелер мен мектептердің ашылуын, бюджеттік қызметкерлер жалақысына 50-60 пайыздық үстеме төлеу, кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасау, жас мамандардың қияндағы алыс ауылдарға барып, тұрақтап қалуы үшін шекаралық аудан тұрғындарына арналған түрлі жеңілдіктер қолға алынуы тиіс.
– Білуімізше, Қатонқарағай, Марқакөлге келетін туристер көп. Өңірдегі туризм кластерін дамыту мәселесі қалай жүзеге асуда?
– Шығыс өзінің табиғатымен, саф ауасымен кез келген жанды тамсандыратыны сөзсіз. Біздің Қатонқарағай, Марқакөлдерімізге жыл сайын көрші Ресейден талай туристер келіп, демалып қайтады. Бұл аумақтың табиғатына тамсанған демалушылардың айтары туризмді дамытса, шетелдік курорттардан еш кем түспейтін орын дегенге саяды. Ал ол үшін инвесторларды тартып, кәсіпкерлерді қызықтыру қажет-ақ. Сондықтан туризмді дамытуды қолға алса, кәсіпкерлер де қызығушылық танытып, қаншама демалыс орындары ашылар еді. Ал мұндай кәсіп түрі жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, тұрақтанып қалуына сеп болатыны анық. Демек, аймақтың туристік әлеуеті мол, бірақ осы мүмкіндікті толық пайдаланбай жүрміз. Қатонқарағай ауданына 1 жылда 3000 жуық саяхатшы келеді. Оның ішінде шетелдік туристердің саны 200-ден аспайды. Бұл аздық етеді. Сондықтан бірінші кезекте бұл жақта инфрақұрылымды жақсарту қажет, шипажайлар салумен қатар демалушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру қажет, сондай-ақ аса маңызды мәселелердің бірі жолдарды жөндеу. Біздегі Алтай тауларымен сілемдесіп жатқан Ресей мен Моңғолия туризмін әжептәуір дамытып алды. Жазғы уақытта демалушылар ол елдің бюджетін бірнеше миллионға толықтыратыны жасырын емес. Туризмді дамыту үшін ең алдымен үгіт-насихаттан бастау керек.Осы мәселелерді шешудің жолын қарастыратын бағдарламалар қабылданып, 2016-2020 жылдар аралығында іске асырылмақ.
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы,
"Түркістан" газеті