Фото: 24.kg
Қырғызстан МҰҚК Қазақстанмен шекарада кәсіпкерлерден ақша бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің жақын туыстарын ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, трансұлттық қылмыстық топ Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы бақылау-өткізу бекетінде Қырғызстанда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерден ақша бопсалау және өндіру үшін тұрақты қылмыстық схема ұйымдастырған.
"Қазір Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 231-бабы "Экономикалық контрабанда" бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қырғызстан азаматтары М.О.Р. мен С.У.Т. ұсталды", - делінген хабарламада.
Қылмыстық схемаға қатысы бар жоғары лауазымды тұлғаларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, Камчы Колбаев өлімінен кейін соңғы бірнеше күнде Қырғызстанда оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерін тұтқындау шаралары жалғасып жатыр.