Қазақстанның төрт өңірінде шегіртке мәселесі өршіп тұр. Түркістан облысы, Жетісу облысы, Қостанай мен Ақтөбе облыстарындағы жер учаскелері шегіртке шабуылынан зардап шегуде.
Шегірткемен күресте алдыңғы шепте жүргендердің бірі - Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин. Күні кеше мәжіліс кулуарында Жұманғарин мырза шегірткенің шындығында халал өнім екенін айтқан.
Әңгіме тілшілердің Жұманғарин мырзаға шегірткелер туралы сұрағынан басталған. Премьер-министрдің орынбасарынан зиянкестермен күрес қалай жүріп жатырғанын білмек болған.
"Шегіртке әрқашан бізбен бірге болды. Динозаврлар мен мамонттардың құрдасы. Біз онымен әрдайым күресіп келеміз, күресе береміз. Кейбір елдер оларды өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренді. Әрине, бұл бізге келмейтін шығар. Бірақ, шын мәнінде, бұл халал өнім", - деп жауап берді Серік Жұманғарин.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Шариғат және пәтуә бөлімнің маманы Елбек Тасболатұлы шегірткенің шариғат бойынша адал екенін айтты.
"ҚМДБ ұстанатын ханафи масхабында пайғамбардың хадисі бойынша екі өлексе адал етілді, соның бірі — шегіртке. Оны жеуге болады. Алайда, адал деген сөз жей беруге болады деген сөзді шығармайды. Яғни оны жеу міндеттелмейді, әр өңірдің табиғаты мен мәдениетіне байланысты жеп/жемеу әркімнің өз еркінде", - дейді дін қызметкері.
Жоғарыда айтылған хадисті пайғамбардың сахабаларының бірі Абдуллах ибн Омар жеткізген. Аталған хадисті ҚМДБ-ның ресми сайтынан және ҚМДБ-ға тиесілі "Халал даму" стандарттау және сертификаттау орталығының сайтынан табуға болады.
Журналистер Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан да шегірткені жеуге бола ма деп сұрапты. Алайда Ақмарал Әлназарова бұл сұраққа нақты жауабы жоқ екенін айтты.
"Әрбір мемлекеттің өзінің дәстүрі бар. Қазаққа тән емес дәстүр деп білемін. Сондықтан қазір оның зияны, пайдасы бар, халал, халал емес деп айтуға дайын емеспін. Менің құзыретіме кірмейді", - деп жауап берді ведомство басшысы.
Ал бүгін белгілі болғандай, зиянкестермен күрес жұмыстарын үйлестіру мақсатында вице-премьер Серік Жұманғарин Жетісу облысына, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына, Ауыл шаруашылығы вице-министрлері Қостанай және Ақтөбе облыстарына жұмыс сапарымен барады.
Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің 46 қызметкері Түркістан облысына іссапарға жіберілген. Олар бүгінде өңдеуге тиісті жерлерді анықтау мақсатында аумақтарда зерттеу жүргізіп жатыр. Егер ол жерден зиянкестердің таралу аймақтары анықталса, химиялық заттардың екі еселенген дозасымен қайта өңдеу жұмыстары жүргізілмек.