28 мам, 2021 сағат 14:01

Шаруашылықтар үшін дизель отынының бағасы қымбаттады ма?


Шаруашылықтар үшін дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шаруалар тұқымдық материалмен толық қамтылған. Тексерілген тұқымдардың 90 пайызы бірінші, екінші егістік стандартына сай келеді. Өнімділікті арттырудың маңызды факторы тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолдану болып отыр. 500 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштарға келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда шаруаларға 400 мыңға жуық тонна жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық. Шаруалар өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуде», - деді бірінші вице-министрі Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Сонымен қатар ол нарықта мұнай өнімдерінің бағасы көтерілгенін еске салды. 

«Бағаның өсуіне қарамастан, Үкімет егіс жұмыстарының дизель отынына қажеттілігін 100 пайыз қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдады. Шаруашылықтар үшін дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрады, бұл нарықтан 14 пайызға арзан», - деді А. Сапаров.