Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арзандатылған бағамен дизель отыны бөлінді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында шаруаларды қолайлы бағамен жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіледі. Бүгінгі күні көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне мұнай өңдеу зауыттарында 1 тоннасына 212 мың теңге бағамен 400 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан орта есеппен 15-30%-ға төмен», - деді Энергетика министрі Үкімет отырысында.
Бұған дейін Б. Ақшолақов жыл басынан бері елімізде 22 млн тонна мұнай өндірілгенін айтқан болатын. Қаңтар-наурыз айларында 17,6 млн тонна мұнай экспортталған.
Сонымен бірге, Қазақстаннан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің басқа да жекелеген түрлерін әкетуге салынған тыйым 6 айға ұзарады .