ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова кей диірмендердің жұмысы не үшін тоқтап қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік тарапынан, жалпы, қандай да болсын ауыл шаруашылық дақылына немесе тауарына мониторинг апта сайын жүргізіледі. Наурыз айына дейінгі немесе кейінгі жағдайға әрине талдау жасалды. Екіншіден, Астық өндірушілер одағы осы жағдай туралы, бірнеше облыста, соның ішінде Ресеймен шекаралас өңірлердің астық өңдеу кәсіпорындары қазіргі кезде жұмыстарын уақытша тоқтатқанын айтқан еді. Бүгінде ішкі нарықта бидайдың қажетті көлемі бар. Бірақ бидай бағасы –енді ғана туындаған мәселе. Яғни, шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына деген шығыстарын ескере отырып ұсынатын оңтайлы бағасы бар. Бұл баға ұн тартушылар тарапынан наразылық тудырып, екі арада белгілі бір келісім болмай тұр. Сондықтан қазір ұн тарту кәсіпорындарының уақытша тоқтауының негізгі себебі осы. Жалпы ішкі нарықта бидай бар, бірақ ұн тарту кәсіпорындарынан берілетін баға мен шаруалар тарапынан ұсынылған бағаның арасында үлкен арақатынас бар. Бұл мәселені біз ішкі нарыққа арзандатылған бидай жіберу арқылы шешіп отырмыз», - деді Назгүл Хатепова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, бидай таусылса. барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екені айтылған еді.
Өз кезегінде Айдарбек Сапаров елде ешқандай астық тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған.
7 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді, оның ішінде: тұрақтандыру қорларында - 10,4 мың тонна, «айналым схемасы» аясында – 22 мың тонна, өндірушілерде – 48,6 мың тонна, қоймаларда – шамамен 20 мың тонна және сауда объектілерінде – 18 мың тонна бар. Аталған көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жеткілікті.