Фото: primeminister.kz
Бүгін Астанадағы брифинг кезінде журналист Өнеркәсіп және құрылыс министріне өз наразылығын ашық айтты. Бүгінде қазақ тілді тілшілер шенеуніктердің орысша сөйлеген сөзін аударып, екі жұмыс істеуге мәжбүр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Брифингте министр, көбінесе, ресми тілде жауап беріп отырды. Арасында қазақша да сөйледі. Бірақ тілшілер мемлекеттік тілде мардымды жауап алмады.
"Бізге толыққанды жауап керек. Өзіміз жазатын тілде жауап алуға құқығымыз бар. Мысалы, қазір мен аударма жасап отырмын. Екі жұмыс істеуге мәжбүрмін", - деді тілші.
Министр Шарлапаев журналистің де, аудиторияның да өзі қалаған тілде жауап алуға құқылы екенін мойындаймын деді. Сосын өз ойын ресми тілде жеткізді.
"Бірақ елімізде, соның ішінде мемлекеттік органдарда қазақ тілін 100 процент білмейтін адамдар аз емес. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Олардың ішінде мен де бармын. Сондықтан сіздің ескертпеңіз орынды. Қазақша сұрағандықтан, қазақ тілінде жауап беру керек", - деп атап көрсетті Шарлапаев.
Министр шетелде көп жүргенін, бірақ тілді үйренуге тырысып жатқан адамға қатысты мұндай наразылыққа алғаш рет тап болып отырғанын да жеткізді.
"Мен бір жарым жылдың ішіде өз ойымды жеткізе алатын деңгейге жеттім. Иә, сіздікіндей сөздік қорым жоқ. Бірақ мен тырысып жатырмын ғой. Басқа әріптестеріме қарағанда, сәл де болса көбірек жетістігім бар. Алайда "қанша тырыссаң да, біз бәрібір саған негативпен қараймыз" деген көзқарастың болғаны дұрыс емес. Шетелге барып, қытайша екі сөз, жапон тілінде үш сөз немесе ағылшынша төрт сөз айтсаңыз, сізге үлкен құрметпен қарайды. Мен жалғыз осы елде ғана осындай негативке тап болып отырмын", - деді Шарлапаев.
Министр қазақша сұрақ қоятын журналистерге алғысын да айтты. Себебі "соның арқасында тілді үйренуге мүмкіндік бар".
Шарлапаев 18 айдан кейін мемлекеттік тілді жетік меңгеріп шығуға уәде берді.