Түркістан облысының Шардара ауданында мектеп директоры көлігімен 6 жасар баланы қағып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Куәгерлердің айтуынша, оқиға спорт мектебінің маңында кеше кешкісін сағат бестер шамасында болған.
«Тойота камри» маркалы көлігін тізгіндеген директор 1 сынып оқушысын қағып, жарақаттаған. Жеңіл көлік қаққан бала аудандық ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлердің сөзінше, жеткіншектің жағдайы қалыпты.
«Баланың жеңіл түрде миы шайқалған. Бетінде сырылған жерлері бар. Бірақ еш жері сынып, жарақат алмаған. Қазіргі таңда жарақат бөлімінде анасымен бірге жатып, ем қабылдауда. Жағдайына қарай ауруханадан шығарылатын болады», - дейді аурухананың дәрігерлері.
Ал, өңірдің полицейлері осы оқыс жағдайға байланысты тиісті сараптама тағайындалып, тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын айтады.
«Бұл жол көлік оқиғасы Шардара аудандық ПБ тіркелді. Қазіргі таңда аудандық Әкімшілік полиция қызметкерлері бұл жайтты тексеру үстінде. Сараптамалар тағайындалды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.