31 қаң, 2023 сағат 20:13

«Шардара» су қоймасындағы жағдай: ТЖД күшейтілген режимге көшті

Фото: 24.kz

Түркістан облыстық ТЖД-нің жеке құрамы қызметі күшейтілген режимге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Казгидромет» РМК болжамына сәйкес, Түркістан облысы аумағында 31 қаңтар мен 3 ақпан аралығында жауын-шашын мол жауып, ауа температурасы +12 градусқа көтерілуі мүмкін. Ауа-райының бұлайша күрт жылуы Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан келген судың көбеюі, «Шардара» су қоймасының мерзімінен бұрын толуына әкеп соғу мүмкін. Сондай-ақ облыс аумағының таулы жоталарынан бастау алатын Арыс, Келес, Бадам, Боралдай, Ақсу, Шаян өзендерінде судың деңгейі көтеріліп, жағдайды күрделендіруі ықтимал. Сондықтан Түркістан облыстық ТЖД жеке құрамы да 28 қаңтардан бастап қызметтің күшейтілген түріне ауыстырылды», - делінген департамент хабарламасында.

Облыс аумағында су тасқыны жағдайына бақылау жүргізу жұмыстары тұрақты түрде жүріп жатыр. Соңғы аптада облыс аумағында 51 шақырым канал, 31 шақырым арық-атыздар механикалық тазартудан өткізілді. Бөген өзенінде 4,2 шақырым жаға бекіту, нығайту жұмыстары жүргізілді, Сондай-ақ 14 шақырым қашыртқы арналардың түбі тереңдетіліп, кеңейтілді. Отырар ауданы аумағындағы Сырдария өзені бойындағы қорғаныс дамбалары 10 жерінен нығайтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда. Құм толтырылған қаптың саны 48 мыңға жеткізіліп, инертті материалдардың қоры арттырылуда. 144 дана мотопомпа дайындалды. Сырдария өзенінің ағыны күнделікті бақылауға алынды.

«Қазіргі кезде «Шардара» су қоймасында 4 млрд 409 млн текше метрден астам су жиналған. Яғни, су қоймасы 85%-ға толған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 млрд текше метрге артық. Ал, «Көксарай» су реттегішіне өткен жылмен салыстырғанда 1157 млн. текше метрден артық су жиналған. Сырдария өзені арқылы «Шардара» су қоймасына көрші елдерден орташа есеппен секундына 1500 текше метр су келіп, су қойманың төменгі ағысына 1111 м3/сек су шығарылуда», - деп толықтырды ұйым.