16 жел, 2018 сағат 13:05

Шардара СЭС толық жаңғыртудан өтуде

Түркістан облысындағы Шардара су электр станциясында жаңа агрегаттар іске қосылады. Судан қуат өндіретін кәсіпорын қазір түбегейлі жаңғырту бағдарламасы арқылы жұмыс бастаған. 2020 жылдың наурыз айына дейін 4 су агрегатының барлығы жаңартылады, деп хабарлайды 24.kz.

Олар Кеңес кезеңінен келе жатқан ескі турбиналар. Шамамен жарты ғасырдан бері жұмыс істеп тұр. 4 гидроагрегат іске қосылса, онда сағатына 126 МВт, ал тәулігіне 3 миллион 24 мың кВт сағат ток өндіріледі. Шардара су электр станциясы қазірдің өзінде қолданыстағы 2 су агрегатымен сағатына 50 МВт тоқ өндіруде. Су қоймасында 2 миллиард 807 миллион текше метр су бар.

«Қазір тіршілік нәрін қорға жинайтын кезең», – дейді мамандар. Ал су электр станциясында түбегейлі жаңғырту жұмысы қарқын алған. Мұнда төрт су агрегатының біріншісі пайдалануға беріледі. Технологиялық жабдықтың сынағы ойдағыдай аяқталған. Енді негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Бақытбек Жаңабаев, Шардара су электр станциясының басшысы: «Шардара су электр станциясының жалпы қуаттылығы қазіргі таңда 100 МВт. Ал түбегейлі жаңғырту жұмыстарынан өткен соң, станцияда қуат өндіру 126 МВт ұлғаяды. Мұндағы әр су агрегаты қазір 20 МВт тоқ берсе, жаңғыртудан соң 32-35 МВт қуат өндіре алатын болады. Мақсатымыз – отандық электр энергия саласына өз үлесімізді қосу».

Су электр станциясын жаңғырту жобасына 38 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Гидроагрегаттарды алмастыру ісімен біріккен австриялық-германиялық мердігер мекеме айналысуда. Бірінші су агрегатын іске қосумен бірге мұнда екінші агрегат бойынша құрылыс жұмыстары қатар жүруде. Оны біріншісі іске қосылғаннан кейін орнатады. Сосын үшіншісі орнынан алынады. Бекітілген кестеге сай, бұл кезеңде бірінші және төртінші ескі агрегат жұмыс істеп тұрады. Осы тәсілмен төрт су агрегатының бәрін де жаңарту көзделген.

Сергей Саховский, мердігер компанияның өкілі: «Жоба аясында біз бірінші агрегатты толығымен қосуға дайындадық. Қазір қорытынды тексеру жұмыстарын жасаудамыз. Ал екінші гидроагрегаттың негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Алдағы бір жарым айда біз екінші агрегат бойынша мәреге жетеміз деп ойлаймын».

Шардара су электр станциясының тарихы тереңде. 1967 жылы пайдалануға берілген. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станцияның технологиялық жабдығы 50 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ал жабдықтың тозуы шамамен 100%-ке жеткен. Алдағы уақытта жаңғыртудан өткен соң электр станцияның қуаты 26 пайызға өсетін болады. Мұнда жыл сайын қосымша 57 миллион кВт/сағат электр энергиясы өндіріледі. Жаңа жабдық су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұзартады.