21 ақп, 2024 сағат 15:46

Шапанымыздан айрылып, қамшымызды құшақтап қалмайық — депутат ұлттық киім киіп жүруге шақырды


Бүгін мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурыз мейрамымен, бір реттік науқандармен шектемей, трендке айналдыру қажет екенін айтты деп хабарлайды, "Ұлт Ақпарат".

Дәулет Мұқаев ұлттық киім – ұлтымыздың ұлылығын ұлықтайтын, ұлттық кодымызды білдіретін айшықты көрсеткіш екенін, ұлттық киімдеріміздің мол мұрасымен мақтана алатындай ел екенімізді еске салды.

"Бүгінде ұлттық киіміміз өзімізде емес, өзге елдерде кеңінен ұлықталу үстінде. Әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жігітінің ұлттық киіммен көшеде жүріп елдің назарына түскен видеосы 5 миллионға жуық қаралым жинап, халықтың ыстық ықыласына бөленген", - дейді депутат. 


Алайда өз елімізде ұлттық киімді насихаттау тек бір реттік челлендждер мен акциялармен ғана шектеліп жатыр.

"Соңғы уақытта жалпы халық арасында «Ұлттық сезім» жалпыұлттық акциясы басталып, ел арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Акцияны зиялы қауым өкілдері, журналистер мен блогерлер, оқу ордалары қолдап, аптаның әр жұмасында ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргендер қатары көбейді. Осы акцияны бастаған азаматтарға ерекше алғысымды білдіремін. Ұлттық киім мәдени майданның негізгі қаруы, халық санасына әсер етуші күш екенін ескерсек бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайды. «Ұлттық киімдерді тек наурызда ғана емес, жай күндері де жиі киіп жүруіміз керек» - деп Президентіміз де үндеу тастаған еді.  
Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрін тек Наурызбен, акциялармен ғана шектемей, оны трендке айналдыру қажет", - деген ұсыныс айтты Дәулет Мұқаев.


Осыдан кейін депутат бастарынан айыр қалпағын тастамайтын көрші Қырғыз елін, Өзбекстан мен Шешенстанды мысалға келтірді.

"Мәселен, бауырлас қырғыз халқы бастарынан айыр қалпағын тастамайды. Соған қарап-ақ, оны қырғыз екенін жазбай танисың. Тіпті Жоғарғы Кенештің өзінде депутаттары айыр қалпақтарын киіп отырады. Ол қала берді ұлттық киімдерін сақтау мақсатында, 5 наурызды – Айыр қалпақ күні деп мемлекеттік деңгейде бекітіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген. Бұндай күн тек Қырғызстанда ғана емес әлемнің Бразилия, Испания, Шотландия, Жапония сынды алпауыт елдерінде бар. Көршілес өзбек халқы да ала тақиясы мен шапанын күнделікті киеді. Сол секілді шешен халқы да елтірі бөрігімен ерекшеленеді", - дейді депутат.


Депутаттың айтуынша, біз де өз ұлттық киімімізді өзіміз киюді сәнге айналдырмасақ, біртіндеп оларды басқалар иемденіп кетуі мүмкін. Соңында шапанымыздан айрылып, қамшымызды ғана ұстап қалуымыз ықтимал.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, депутат Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

Біріншіден, ұлттық киімдерімізді ұлықтау мақсатында республикалық деңгейде «Ұлттық киім» күнін бекіту. Бұл күн мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің негізі болар еді.

Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен халыққа қызмет көрсететін орталық қызметкерлерінің киімдеріне қазақи айдентика элементтерін қосу.

Үшіншіден, Ұлттық киім өндіретін отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, бизнесті қолдауға бағытталған гранттарда ұлттық киім кәсібіне басымдық беру. Халық арасында ұлттық киімді қолжетімді етуге ықпал етіп, сұранысты арттыру;

Төртіншіден, мектеп оқушылары киетін ұлттық киімдер стандартын әзірлеп енгізу, әрі халықаралық түрлі жарыстарға (ғылыми олимпиада, спорт)  баратын азаматтардың формаларына міндетті түрде ұлттық нақышты бейнелеу.

"Сонымен қатар құрметті әріптестер, Парламент төрінде, миллионнан астам оқырманыма да ұлттық  нақыштағы киімдерді насихаттап жүргенімді жақсы білесіздер. Осындай үрдісті сіздер де іліп әкетіп, қолдасаңыздар көпке қозғау салар еді", - деп қорытындылады сөзін депутат Мұқаев.