Бүгін Алматы облысында Шамалған бекетінде пойыз бен автобустың соқтығысуына қатысты іс бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2019 жылы 15 қыркүйекте Шамалған станциясында рельстің үстінде тұрып қалған жолаушылар автобусымен жолаушылар пойызы соқтығысты. Салдарынан автобус жүргізушісі сол жерде мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті.
Аталған бекетте кезекші болып жұмыс істейтін Д.Д. Ахмеджановқа қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 344-бабы 2 бөлігінде көзделген (жол қозғалысы қауіпсіздігі немесе теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу) әрекетпен сараланып, Алматы облысы Қарасай аудандық сотының өндірісіне түскен.
«Сот жазаны тағайындау кезінде станция кезекшісі Ахмеджановтың өз кінәсін мойындап, шын өкінуін, оның жасын, отбасылық жағдайын ескере отырып, оны 3 жыл 6 айға шартты түрде соттады», - деп хабарлады Қарасай аудандық сотынан.
Сонымен қатар, сот жәбірленушілер Э.А.Жәнібекованың, Б.М.Әубәкірдің және Л.А.Жарылғасованың «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамынан және «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-дан моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талап арыздарын қарады.
Э.А.Жәнібекованың пайдасына «Қазақстан темір жолы» компаниясынан - 5 млн теңге, «Қаскелең автобус паркінен» 5 млн теңге өндірілді.
Б.М.Әубәкірдің пайдасына «Қазақстан темір жолы» компаниясынан - 15 млн теңге, «Қаскелең автобус паркінен» 15 млн теңге өндірілді.
Л.А.Жарылғасованың пайдасына «Қазақстан темір жолы» компаниясынан 15 млн теңге өндірілді.
Сонымен бірге, жәбірленуші Л.А.Жарылғасованың материалдық шығынды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылып, оның пайдасына станция кезекшісі Д.Д.Ахмеджановтан 600 мың теңге өндіріліп алынды.
Айта кетейік, осы оқиғадан кейін Шамалған станциясында эстакада түрінде жол өтпесін салу шешілді. Жүргіншілер көпірінің құрылысы да басталды.