Алматы облысының Шамалған стансасында пойыз бен автобустың соқтығысуынан ауыр жағдайда ауруханаға түскен үш адамның беті бері қарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«5 жасар баланың жағдайы ауыр. Дегенмен, күннен-күнге динамикасы жақсарып келеді, сөйлей алады, тамақ ішеді. 3 жастағы екінші қыз – комада. Дегенмен, жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды. Қазір өздігінен дем алады. №7 қалалық клиникалық ауруханада қос қыздың анасына ота жасалды. Жағдайы орташа, операция сәтті өтті, динамикасы жақсарды», - деп хабарлады Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске салайық, 15 қыркүйек күні Шамалған стансасындағы теміржол өткелінде пойыз бен автобус соқтығысты. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Олар – анасы мен 5 және 3 жастағы балалар. 22 қыркүйек күні сәбилердің бірі ес жиғанын жазған болатынбыз.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура бақылауына алды.