Шахтинскте көңіл көтеру орындарының бірінің маңында болған төбелес тоқтатылып, күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"22 наурыз сағат 23:50 шамасында Шахтинск полиция бөлімінің кезекші бөліміне қаладағы көңіл көтеретін орындардың бірінің маңында кикілжің болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына тез арада сол маңға жақын патрульдік полиция жасағы жіберілді.
Осылайша, белгісіз адамдардың қатысуымен төбелес болып жатқаны анықталды. Құқыққа қайшы әрекеттерді және ауыр зардаптарды болдырмау мақсатында полиция қызметкерлерінің бірі аспанға ескерту ретінде оқ атты. Оқиғаға қатысушылардың барлығы полиция бөліміне жеткізілді", - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігіне ("Бұзақылық") сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.