Фото: Polisia.kz
Шахтинскіде полицейлер бесінші қабаттан секірмек болған тұрғынды құтқарып қалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, 1 мамырда сағат 14.00 шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөліміне көпқабатты үйдің бесінші қабатынан әйелдің секірмекші болып тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Тез арада оқиға орнына патрульдік полиция взводының инспекторлары Дулат Ситахметов пен Ерназ Өскенбай жеткен.
"Әріптесім екеуміз бесінші қабаттың дәлізіндегі терезеде отырып, өмір сүргім келмейді деп айқайлаған әйелді көрдік. Терезенің жақтауы қысқа болғандықтан, егер әйел ыңғайсыз қозғалыс жасаса, қайғылы жағдайдың болу қаупінің алдын ала алмас едік. Сондықтан мен сыртта қалып, құлап кеткен жағдайда қауіптің алдын алуға дайындалып тұрдым. Ал Дулат сатымен ішке көтеріліп, тұрғынды әңгімеге тартты. Оған бәрі жақсы болатынын, эмоцияға берілмеу керектігін барынша айтып, түсіндірді. Терезе қысқа болғандықтан азаматшаға жақындау қиындық тудырды. Бір кезде Дулат әйелдің қолын созуға көндіріп, кейін бірден шап беріп, ішке тартып алды", - деді Ерназ Өскенбай.