Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
Қарағанды облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшыларының отбасы мүшелерінің тізімін жасап жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оларға толыққанды көмек көрсетіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Костенко атындағы шахтада болған өрт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетінін айтты.
«Мемлекет тарапынан қазақ тапқан шахтерлердің отбасыларына асыраушысынан айырылғаны үшін төлемдер төленеді. Біріншісі – базалық жәрдемақы, екіншісі – әлеуметтік сақтандыру қорынан, үшіншісі – өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Төлемдердің орташа мөлшері 400 мыңнан 500 мыңға дейін жетеді. Ол төлемдер асырауында болған жасөспірімдер 18 жасқа толғанша, егер балалар мектептен кейінгі жоғары білім алып жатса, 23 жасқа толғанша беріледі», - деді министр.
Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау»-дың ұжымдық шартына сәйкес, компания міндетті түрде қаза тапқан шахтердің отбасына 10 жылдық еңбекақысын төлейді.
Бұл ретте, Үкімет баспасөз қызметі көз жұмған жұмысшылардың жанұяларына көрсетілетін қолдау шараларының толық тізімін жариялады:
– компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана сатып алу;
– моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем;
– асырауында болған балаларға 18 жасқа толғанға дейін ай сайынғы сақтандыру төлемі (ЖОО студенті болса, 23 жасқа дейін);
– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалақысына байланысты ай сайынғы төлем;
– қамқорлықтағы адамдардың санына байланысты асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
– жұмыс берушінің қаражаты есебінен отбасылардың несиелерін өтеу;
– жерлеуге байланысты барлық шығындарды өтеу;
– қаза тапқандардың балалары мен жұбайларын жұмысқа орналастыру;
– 23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысын төлеу;
– қаза тапқандардың жұбайлары мен балаларына санаторий-курорттық емделуге жолдамалар беру;
– үйді пешпен жылытатын отбасыларға жыл сайын көмір бөлу.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсету мәселелері ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында.
Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17:33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды, 13 адам іздестіріліп жатыр.