15 қар, 2018 сағат 13:26

Шағын несие беруді арттыруға банктер кедергі болып отыр - сенатор

Мемлекет басшысының төртінші әлеуметтік бастамасы бойынша екінші деңгейлі банктер жеткілікті дәрежеде жұмыс атқармай жатыр. Бұл мәселеге Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының республикалық форумында Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов кеңірек тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төртінші әлеуметтік бастама - шағын несие беру ауқымын кеңейту бойынша қазір қызу жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте екінші деңгейлі банктердің несиелеудегі әртүрлі шектеулері байқалып, ол банктер лайықты деңгейдегі белсенділікті танытпай отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы бағыты бойынша қалаға бекітілген тұрғылықты мекендерде тұратындарға банктер қарызы, негізгі сома жұмсау талабы бойынша шектеулер қоюда», - дейдің Бақытжан Жұмағұлов.

Сенатордың айтуына қарағанда, мәселелердің ауқымы бұдан да кеңірек. Міне, осы түйткілдерді шешу үшін депутат аймақтарда партиялық ұйымдар белсенділік танытуы керек деп есептейді.

Еске сала кетсек, мұның алдында Бақытжан Жұмағұлов еліміздегі жатақханалардың құрылысына кедергі болып отырған факторларды атаған болатын. Оның айтуынша, жатақхана құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжатты дайындау жұмыстарының баяулығы, әкімдер мен ЖОО ректорлары инвесторлармен жеткіліксіз деңгейде жұмыс жүргізбеуі. Ал жер учаскесінің берілмеуі жатақханалар құрылысына үлкен кедергі келтіруде.