Кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктеме төмендетілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты тексерулерді жүргізуге үш жылдық мораторий қолданылады. 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп, бизнес жүргізудегі тұрақтылыққа ықпал етеді», - деді Дәленов жұма күні парламенттік тыңдауда.
Ұлттық экономика министрі атап өткендей, басқа да салықтық тексерулер 1 маусымға дейін тоқтатылды.
«Бизнеске арналған үкімет» онлайн-платформасы негізінде мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа форматы іске қосылды. Екі жүзге жуық мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қолдау шарасы ұсынылады. Өз бизнесін дамыту мәселесі бойынша қызметтердің барлық спектрін онлайн-режимде пайдалануға болады.
11 өңірде толық форматты офлайн кеңселер жұмыс істейді.
Министрдің айтуынша, 2021 жылға қарай бизнеске арналған барлық қызметтерді онлайн-платформада толық интеграциялауды қамтамасыз ету және алты өңірде офлайн кеңселерді іске қосу жоспарлануда. Бұл бизнестің барлық қызметін электронды толық қамтуды қамтамасыз етеді.
Биыл бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған реформалардың 8-ші пакеті қабылданды. Бірқатар қызметтер электронды форматқа ауыстырылды, жылжымайтын мүлік мәмілелерінің қауіпсіздігі арттырылды, құрылыс кезіндегі бірқатар талап алынып тасталды.
«Биыл бизнеспен кері байланыс күшейтілді. Осы кезеңде бұл маңызды. Кәсіпкерлер тарапынан келіп түсетін мәселелер тұрақты негізде қаралады», - деді Руслан Дәленов.